Үсенов атындағы
Сабынды орта мектебі бойынша
«Қайталанбас балғын балалық шақ» атты
түлектермен кездесу кешінің есебі
2018 – 2019 оқу жылы
Қаңтар айының 10 жұлдызынан бастап түлектермен кездесу кешіне орай жоспар құрылып, дайындық басталды. Жауапкершілік 11 «А», 11 «Б» сыныптарының сынып жетекшілері Омарова Салтанат Қонысовна және Попов Виктор Викторовичке жүктелді. Бітіріп кеткен түлектерге шақыру билеттері таратылып, өтіп кеткен жылдар стендтары безендіріліп дәлізге ілінді. Мәжіліс залды ТЖҰ Жангалиева М.А., аға тәлімгер Ашикова Ж.С. және жас мамандар безендірді. Мектеп бойынша жас мұғалімдер, «Болашақ» балалар ұйымы кезекшілікке әр қабатқа қойылды. «Қайталанбас балғын балалық шақ» атты түлектермен кездесу кеші 2 ақпан күні өткізілді. Келген қонақтарды кіре беріс дәлізде Бейсенбаева А.М. және Абдрахманова А.Н. тіркеуге алып, жылы жүзбен мектебіміздің «Болашақ» балалар ұйымының оқушылары қарсы алып дайындалған кабинеттерге жол көрсетті. 50, 40, 30, 20, 10, 5, 1 жыл бұрын осы мектепті бітіріп кеткен түлектер, осы күні балалық шақтарын еске алып, қандай оқушы болғанын еске түсіріп, өз сыныптарына кіріп сағынышпен орындарына отырып көптен көріспеген сыныптастарымен сырласты.
Қоңырау соғылып барлық 50, 40, 30, 20, 10, 5, 1 жылдық түлектер бірінші қабатта жиналып саптық жиын өтті. Жас маман Женисбекова М.С. салтанатты жиынды ашық деп жариялап, құттықтау сөзі мектеп директоры С.Е. Абеевке берілді. Түлектерге осы уақыт аралығында мектебіміздің жетістіктері, мектепке жүргізілген жөндеу жұмыстары жайында, оқушыларымыздың жетістіктерін айтты. Сабынды ауылдық округі әкімі Смагулова Г.М. кешіміздің қонағы болды. Келесі сөз кезегі ұлағатты ұстаздар Досбаев Ө.Т. және Қайдарова Б.Қ. берілді. Сонымен қатар 1 сынып оқушылары түлектерімізге арнап жылы лебіздерін білдірді. Жиын аяқталып түлектеріміз мәжіліс залға 11 сынып оқушылары дайындаған мерекелік кешке шақырылды. Мерекелік кеште оқушыларымыз ән айтып, би билеп және түлектеріміздің балалық балғын шақ кездеріндегі фотолары слайдпен көрсетіліп сағынышпен еске алынды. Әр жылдық түлектерге құттықтау сөздері берілді. Мектебімізде дәстүрге айналған түлектермен кездесу кешіміз жалғаса берсін деген ұранмен түлектермен қоштасып, мерекелік кешіміз аяқталды.
Жауапты: ТЖҰ Жангалиева М.А.